Талдауға мемлекеттік органдардың сарапшылары мен азаматтық қоғам өкілдері тартылады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК (оның ішінде Алматы қаласындағы филиалында, Қарағанды және Тараз қалаларындағы бөлімшелерде) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Агенттік өкілдерінің мәліметінше, бағаларды мемлекеттік реттеу, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды тіркеу, олардың сапасына, тиімділігі мен қауіпсіздігіне стандарттар талаптарына сараптама жүргізу және т.б. мәселелер талданатын болады.
Бұдан басқа, қазір агенттіктің аумақтық департаменттері өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының (оның ішінде олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының) қызметіне сыртқы талдау жүргізеді. Талдау шеңберінде бюджетті жоспарлау, жеке көмекшілердің қызметтерін қаржыландыру, атаулы әлеуметтік көмек төлеу, кәсіптік оқытуға ақша жұмсау, кәсіпкерлікті дамытуға арналған гранттарды бөлу, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорын игеру мәселелері зерделенетін болады.
Талдауға агенттіктің аумақтық департаменттерінің қызметкерлерінен басқа, мүдделі мемлекеттік органдардың сарапшылары мен азаматтық қоғам өкілдері тартылады.