Олар лауазым иесіне пара берген
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі «Алматы» шекаралық бақылау басқармасы ҰҚК-ның Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлесіп, прокуратура органдарының үйлестіруімен Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстан азаматтарының Ресейге және одан әрі Еуропа елдеріне заңсыз көші-қон арнасының жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
16 наурызда лауазымды азаматқа 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара беру әрекеті кезінде Ауғанстанның 4 азаматы ұсталды. Тергеу материалдарына сәйкес, бұл қаражат шетелдіктерді Испания мен Португалияның жалған төлқұжаттары бойынша Алматы қаласының халықаралық әуежайы арқылы тасымалдауды ұйымдастыруға арналған.
Қылмыстық кодекстің 394-бабы 1-бөлігінде және 367-бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Соттың санкциясымен ұсталған адамдарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, – делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.