Депутаттың жазбасына сүйенсек, Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сот үкімі шықты.
Бұл туралы депутат Ермұрат Бәпи Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Депутаттың айтуынша, Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.
26 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталды, – делінген жазбада.
Еске сала кетсек, Самат Әбіш ұсталған ҰҚК экс-басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша куәгер болды. Өткен жылғы шілдеде ҰҚК одан куәгер ретінде жауап алынғанын хабарлады. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік органдары Самат Әбішке қатысты қылмыстық істі тіркеген жоқ, сондай-ақ оған қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалмады.
Биыл қаңтар айында Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты іс сотқа берілгенін хабарлады. Онда мемлекеттік құпиялар бар, сондықтан тергеу деректері жария етілмейді.