Павлодарда ветеринариялық-санитариялық зертханаларда өрескел бұзушылықтар анықталды

Динара Амантай

Мекемелерге қомақты айыппұл салынды

Фото: Halyq Uni

Павлодар қаласының прокуратурасы жеке ветеринариялық-санитариялық зертханаларды тексеру кезінде Заңның өрескел бұзушылықтарын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Прокурорлық тексеру барысында жарамсыз аспаптарды пайдалана отырып, ет және сүт өнімдерін 8 мыңнан астам рет заңсыз зерттеу анықталған. Сондай-ақ ветеринариялық заңнаманың қарапайым талаптары бұзылып отыр.

Әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 406 («Ветеринариялық ережелерді, талаптарды және ветеринариялық нормативтерді сақтамау») және 419 («Тексеруден өтпеген өлшеу құралдарын қолдану») баптары бойынша прокуратура заңды тұлғаларға шамамен 1 млн теңге көлемінде айыппұл салды, – делінген хабарламада.

Қазір прокуратура актісі бойынша жеке зертхана лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру туралы мәселе шешіліп жатыр.