Halyq Uni логотип
×

Қазақстанның 2 мың мектебін жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстары басталды

Республикалық ғарыштық байланыс орталығы 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр

 Динара Амантай 19.03.2024 | 12:36
Қазақстанның 2 мың мектебін жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстары басталды
Фото: Halyq Uni

Қазақстанның Ұлттық байланыс және хабар тарату операторы – Республикалық ғарыштық байланыс орталығы 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Салтанатты шараға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «РҒБО» АҚ басшылары мен қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен министрліктің ведомствоға бағынысты ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министр Қазақстанның 20 жыл ішінде бұл бағытта біраз жұмыс атқарғанын және бүгінде мақтануға тұрарлық жетістіктер бар екенін атап өтті.

Біріншіден, бұл – өзіміздің байланыс және хабар тарату спутниктерінің болуы. KazSat сериясының үш ұлттық байланыс спутнигі ұшырылды. Оның екеуі геостационарлық орбитада сәтті жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, бұл – ғарыш аппараттарын басқаруға арналған бірегей жерүсті ғарыш инфрақұрылымы. Бүгінде біз Қазақстанның өзінің ұлттық ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі, орбиталық жиілік ресурсы, ең бастысы, ғарыштық байланыс инженерлерінің кәсіби командасы бар екенін мақтан ете аламыз, – деді Бағдат Мусин.

Сондай-ақ министр әріптестерін мерекелерімен құттықтап, «РҒБО» АҚ үздік қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады.

Бүгінде Қазақстанда толыққанды ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі бар. Республикалық ғарыштық байланыс орталығы KazSat-2 және KazSat-Z жерсеріктерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Ғарыш аппараттары еліміздің солтүстігіндегі негізгі жерүсті кешенінен – Ақмола облысындағы «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығынан және Алматы облысындағы «Көктерек» резервтік ғарыштық байланыс орталығынан басқарылады.

Екі ғарыш аппаратынан және екі жерүсті басқару кешенінен тұратын Қазақстан Республикасының ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. 2011 жылы KazSat сериялы ғарыш аппаратының транспондерлік сыйымдылығының 12%-ын жүктеуден бастап, бүгінде құрылғыларды жүктеу 76%-ға жетті. Бұл Қазақстандағы байланыс спутниктері нарығының қажеттіліктерін 100% қанағаттандыруға мүмкіндік берді. Ғарыштық байланыс қызметтерін еліміздегі 16 оператор табысты пайдаланады.

KazSat ұлттық байланыс спутниктері арқылы 16 мыңнан астам жерсеріктік байланыс станцияларының жұмыс істеуіне рұқсат берілді.

Қосымша кіріс көздері бойынша тапсырмаларды іске асыру шеңберінде «РҒБО» АҚ «Көктерек» ҒБО базасында Қазақстан Республикасының бірінші Телепортын әзірлеуді жалғастырып жатыр.

KazSat сериясының байланыс спутниктері арқылы бүкіл республика бойынша, соның ішінде шалғай аймақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелерге (мектептерге, ауруханаларға, әкімдіктерге) интернет беріледі. Ғарыш аппараттары алғаш рет пойыздарда интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етті.

KazSat спутниктік байланыс қызметтерін отандық ірі операторлар, еліміздің барлық мемлекеттік органдары, құқық қорғау органдары пайдаланады.

 «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында шалғайдағы ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде олардың 504-інің 176-сы іске қосылды.

Сондай-ақ Қазақстанның 2 мың мектебін Starlink спутниктері арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстары басталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама