×

IQanat қоры ауыл балаларының әлемдік үздік білім ордаларында оқу ақысын төлейді

Тиісті университеттердің түлектері өз салаларында көшбасшы атанбақ

 Халық үні 19.03.2024 | 11:00
фото: IQanat

IQanat ауыл балаларына әлем бойынша ең жақсы білім алуға бірегей мүмкіндік бермек. Қор кез келген «Лига плюща» университетінде бакалавриатқа түскен мектеп оқушыларының шығындарын 100% жабады.

Бағдарламада тек оқуды ғана емес, сонымен қатар студенттердің бүкіл оқу кезеңінде тұруын, тамақтануын және жол жүруін қаржыландыру қарастырылған. Мұндай бұрын-соңды болмаған шешім болашақ үлкен мақсатқа жету үшін қабылданып отыр: IQanat Қазақстан ауылдарындағы дарынды балаларға білім беру жолындағы қаржылық және әлеуметтік кедергілерді жоюға күш салады.

«Лига плюща» – түлектері бүкіл әлемге танымал АҚШ-тағы ең беделді 8 жеке университет тобы. Олардың ішінде мемлекет басшылары, әлемдегі алпауыт компаниялардың жетекшілері, ғалымдар, зерттеушілер, Нобель, Пулитцер және басқа да халықаралық сыйлықтардың көптеген иегерлері бар.

Лигаға мына оқу ордалары кіреді:

  • Гарвард
  • Йель
  • Браун
  • Колумбия
  • Корнелл
  • Принстон университеттері
  • Дартмут колледжі және Пенсильвания университеті.

Біз елдің ең бір шалғай өңірлерінде, алыстағы ауылдарында небір дарынды да талантты балалардың барына анық сенеміз. Мысалы, олар қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмекті ойлап табуға және тұтас әлем мен елді басқаруға және миллиардтаған долларлық стартаптарды әзірлеуге қабілетті болуы мүмкін. Мұндай жауһарларды тек іздеп тауып, содан кейін жақсы білім түрінде демеп жіберу жеткілікті. Кез келген айқанаттық өреннің «Лига плюща» құрамына кіретін оқу орындарында білім алуын төлейміз дегенде, біз бұл әлемде балалардың қолы жетпейтін ештеңе жоқ екеніне сендіргіміз, бойларындағы үрей мен қорқынышты жеңуге көмектескіміз келеді. Біздің Қор болашақта IQanat табалдырығынан қарапайым ғана ауылдың қарадомалақтары Гарвард пен Иель түлегі болып ұшып шығатынына еш күмәнданбаймыз. Мүлде күмәнданбаймыз және жарқын келешекке бірге қадам басамыз, – деді IQanat жобасының бастамашысы және қамқоршысы Айдын Рахымбаев.

«Лига плюща» жоғарғы оқу орындарында білім алу арқылы балаларға зерттеу, халықаралық тәжірибе алмасу және кәсіби даму үшін әлемдегі ең кең көкжиектер ашылады. IQanat қабілеті жоғары студенттерге қолдау көрсете отырып, осы жастардың ғана емес, бүкіл елдің болашағына үлес қосады. Тиісті университеттердің түлектері өз салаларында көшбасшы атанбақ.

IQanat Олимпиадасының финалына өткен барлық «айқанаттықтар», яғни ауыл оқушылары Қор гранттарына үміткер бола алады. Жыл сайын олимпиада Қазақстанның барлық өңірінде өтіп, 60 мыңға жуық ауыл оқушысын қамтып отыр.

Екі кезең қорытындысында ақтық сынға басқалардан алға озған дарынды 1000 бала өтеді. Финалистердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатына тегін оқуға, ал екінші бөлігі – Олимпиададан кейінгі үшжылдық тегін қолдауға қабылданып, балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға қарқынды дайындалады және де ағылшын тілін зерделейді. Бұл «айқанаттық» балалардың барлығы «Лига плюща» аясындағы оқуға арналған грантқа үміткер бола алады.

IQanat Олимпиадасының ІІ кезеңі

Атап өткен абзал, дәл қазір бүкіл ел бойынша олимпиаданың екінші кезеңі өтіп жатыр. Осылайша, 10 мың ауыл баласы өзара бақ сынасуда. Олардың көпшілігі, шамамен 70%-ы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады, яғни көпбалалы және толық емес отбасылардан.

Екінші кезең белгілі бір пәндерге бағдарланған, яғни оқушылар математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және география пәндерінің бірі бойынша тестілеуден өтеді. Сонымен қатар, қатысушылар математикалық сауаттылық, логикалық және сыни ойлау бойынша міндетті тестілеуден өтіп, ағылшын тілінен тест тапсыруы керек.

Бұл кезең Қазақстанның барлық облыс орталығында өтіп, тек зияткерлік жарыс қана емес, нағыз балалар слетіне айналды. Балалар үшін жігерлендіруші дәрістер (мақсат қоя білу, қаржылық және медиа сауаттылық), спорт және ойын-сауық іс-шаралары: эстафеталар, үстел ойындары бойынша сайыстар, квиздар, викториналар, дискотекалар, кинотеатрларға бару және тағы басқа қызықты шаралар өткізіліп жатыр.

Айта кету керек, дәл осы кезең ақтық сынға өтетін және «Лига плюща» жоғары оқу орындарына IQanat грантына үміткер болатын балаларды анықтайды.

IQanat – 150-ден астам қазақстандық кәсіпкер қолдайтын әлеуметтік білім беру жобасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама