×

Дәрігер қайтыс болған науқасқа жазған есірткілік препаратты басқа адамға берген

Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды

 Динара Амантай 18.03.2024 | 16:35
фото: azh.kz

ШҚО прокурорлары психотроптық препараттарды беру кезінде ережелерді бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Прокурорлық тексеру барысында «Риддер қалалық ауруханасы» ШЖҚ КМК-де есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу фактісі анықталды.

«Трамадол» – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 20 наурыздағы №240 қаулысымен Қазақстан Республикасында бақылауға жататын психотроптық заттардың тізіміне енгізілді. Оларды өткізу және беру онкологиясы бар науқасқа дәрігердің рецепті бойынша ғана іске асырылады.

Аталған талаптарды бұза отырып, қалалық аурухананың онколог-дәрігері есірткі препаратын қайтыс болған онкологиялық науқасқа тағайындап, рецепт бойынша дәрі алуға рұсат қағазын психоактивті заттарды қолданудан зардап шегетін басқа адамға берген.

Риддер қаласының прокуратурасы есірткі заттарымен, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ҚК 303-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, – делінген прокуратура хабарламасында.

Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама