Бүгінде елімізде 37 апатты мектеп пен 3 ауысымда оқитын 142 мектеп бар
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2,3 трлн теңгенің игерілуін тексеріп жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың төрағалық етуімен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңесте Антикор басшылығы уәкілетті органдардың өкілдерімен және басқа да мүдделі адамдармен бірлесіп, жобаны іске асыру кезінде заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелерін қарады.
«Жайлы мектеп» жобасы – ел дамуының басым бағыттарының бірі. Бүгінде елімізде 37 апатты мектеп және 3 ауысымда оқитын 142 мектеп бар. Жобаны іске асыру аясында 2,3 трлн теңгені игеру және 2025 жылға қарай 800 мың оқушы орнын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында: «әрбір қазақстандық оқушының оқуы мен жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдайлар болуға тиіс. «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы дәл осы мақсатқа бағытталған», - деген болатын.
Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет үшін жұмыстағы маңызды басымдық бүкіл ел бойынша жайлы мектептер құрылысының барысын мониторингтеу және бақылау болады.
Кеңес қорытындысында жемқорлық құқықбұзушылықтарға жол бермеу, сондай-ақ оларды уақтылы және сапалы салу мақсатында жауапты органдар мен Samruk-Kazyna Construction АҚ ұлттық жобаны іске асыру бойынша өзара іс-қимыл алгоритмін әзірледі.