Наурызда 312 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

Динара Амантай

Биыл осы мақсатқа бюджеттен 75,9 млрд теңге қарастырылған

Фото: Halyq Uni

2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 58,8 мың отбасындағы 312 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл осы мақсатқа бюджеттен 75,9 млрд теңге қарастырылған.

АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды іске асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

  • табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
  • табысы аз отбасылардағы 1-6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 наурызда АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 94,9 мың балаға 1 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
  • жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазір қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ауыл округінің әкіміне, сондай-ақ Электронды үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.