Қазір мұғалімдер платформаны пайдалану бойынша оқытудан өтіп жатыр
Бұдан бұлай мұғалімдер сабақтарды ұйымдастырудың ерекшеліктеріне қарай, өздеріне ұнайтын оқулықты ETANDAU.GOV.KZ платформасы арқылы таңдай алады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір электронды платформа Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ Қостанай облысының бірқатар мектебінде апробациядан өткен.
ETANDAU.GOV.KZ – мұғалімдерге арналған оқулықтарды таңдаудың ашық жүйесі. Апробация кезінде оның функционалдығы және жұмысты оңтайландыру мүмкіндіктері расталды. Педагогтер оқу процесінің ерекшеліктері мен ұйымдастырылуын ескере отырып, өздеріне ұнайтын оқулықты өз бетінше таңдай алады, – деді Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының директоры Назира Әбдірахманова.
Қазір мұғалімдер платформаны пайдалану бойынша оқытудан өтіп жатыр. Бұл бастама білім беру сапасын және тиімділігін арттыруға тағы бір қадам болмақ.