Ішкі істер министрлігінде кезекті ашық кадрлық тағайындаулар өтті
Ішкі істер министрлігінің басшысы Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен отырыста полиция басқармаларының басшылары, полиция департаменті бастығының және Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы орынбасарлары лауазымдарына үміткерлер қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Ұсынылған үміткерлердің әрқайсысы жеке-жеке қаралды. Атап өтілгендей, тағайындаудың бұл форматы үздіктерді анықтауға және олардың жұмысын лайықты түрде бағалауға мүмкіндік береді.
Бірінші кезекте ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары қызметіне «Халық қаһарманы» Қайрат Үмбетовтің кандидатурасы қаралды.
Өздеріңіз көріп отырсыздар, ол бүкіл сатыны өтті. Біздің ұландарға дұрыс тәрбиені «Халық қаһарманы» бермесе, басқа кім береді? Қайрат Жарылқасынұлы, ұландықтардың моральдық-психологиялық жағдайын шыңдап, сарбаздармен тәрбие жұмыстарын жүргізуі қажет. Сіздің ерлігіңіз оларға үлгі болады деп ойлаймын. Бұл тағайындаумен біз Ұлттық ұланды нығайтамыз деп үміттенемін, – деді министр.
Еске сала кетсек, 2016 жылы Қарағанды облысындағы әскери бөлімде полковник Қайрат Үмбетов жауынгерлік гранатаны окопқа түсіріп алған жас сарбазды өз денесімен жауып, ажалдан құтқарып қалған болатын. Сарбаз дін аман, ал полковниктің бойынан гранатаның алпысқа жуық жарықшағы табылды.
Сонымен бірге ведомство басшыларының кеңесі барысында Ішкі істер министрінің бұйрығымен:
– Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына Қуаныш Орынбетов;
– Павлодар қаласы Полиция басқармасының бастығы лауазымына Ермек Әлжанов;
– Шымкент қаласы Еңбекші аудандық Полиция басқармасының бастығы лауазымына Алмас Әмзеев тағайындалды.