Halyq Uni логотип
×

Астанада «Менің атым Қожа» ескерткіші ашылады

Ол «Жетісу» саябағында орналасады

 Дастан Жұмабекұлы 31.05.2022 | 10:20
Астанада «Менің атым Қожа» ескерткіші ашылады
фото: oner.kz

Ертең, 1 маусым күні - Балаларды қорғаудың халықаралық күні елордада «Менің атым Қожа» ескерткіші ашылады. 

Бұл хабарды режиссер Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар Қарсақбаев айтты.

Қожаға арналған ескерткіш «Жетісу» саябағында қойылады.

Бұл – 1963 жылы талантты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің желісімен «Қазақфильм» студиясы түсірген балалар фильмін көріп өскен талай адам үшін Балалар жылына, Балалар күніне арналған тамаша тарту болайын деп тұр.

Фильмге өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы қазақ ауылының өмірі арқау болған. Басты кейіпкері Қожа ақылды, сонымен бірге бұзық, әкесіз өскен бала. Фильм барысында ол көп нәрсеге ұрынады. Ғашық та болады, төбелеседі де, бұзықтық та жасайды, сабақтан да қуылады, жиналыста тәртібі де қаралады, мектептен қуылуға шақ қалады. Ол тәртіпсіздіктерге кейде саналы түрде, кейде білместікпен барады. Дегенмен ол соншалық ессіз бала емес болып көрінбейді. Сондықтан болар, осы күнге дейін жұртшылықтың сүйікті кейіпкері саналады.

Фильмде қазақы ауылдағы аналық, әжелік мейірім, пионерлер өмірі, сол заманғы қоғамдық тәртіп көрсетілген.

Фильм Үшқоңыр, Талғар, Түргенде және Үлкен Алматы көлінің маңында түсірілген. Көпшілік көріністерде Қаскелең қаласының Абай атындағы мектебінің оқушылары түскен. «Лениншіл жас» газетінің 1964 жылдың 26 наурызындағы санында Абдолла Қарсақбаевтың фильмнің қалай түсірілгені жайында мақаласы шықты. Бұл туралы режиссердің өзі: «Балалардың мұқтаждықтарын ескеріп отырдық. Әр 15 минут сайын үзіліс жасап, балаларды демалдырып, ойнатып отырдық. Мен де олармен қосылып ойын ойнайтын едім», – деген болатын.

Бір қызығы, Абдолла Қарсақбаев алғаш рет фильмге музыка жазуға опера және театр балетінің дирижері, №12-мектеп-интернатта бірге оқыған досы Нұрғиса Тілендиевті шақырды. Ол фильмнің музыкасын, соның ішінде кейін халық арасына кеңінен тараған «Саржайлау» өлеңін жазды.

Қожа туралы киноға жарты ғасыр уақыт өтсе де, ол экраннан түспей, талай жүлде алды. Өйткені, ол шын шеберлердің қолдарынан шыққан дүние еді. Оның сценарийін Бердібек Соқпақбаев жазса, киноны Абдолла Қарсақбаев түсірген. Ал актерлық құрамда Раиса Мұхамедьярова, Бекен Римова, Кененбай Қожабеков, Зағи Құрманбаева сынды мықтылар болған.

Қазақ радиосының Алтын қорында «Менің атым Қожа» повесінің аудионұсқасы бар. Ол бірер жыл бұрын эфирден берілді.

Жаңа ескерткіш үлкенге де, кішіге де балалық шақты еске түсіретін қаладағы айшықты орындардың бірі болары сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама