Halyq Uni логотип
×

Қызылорда облысында 40 жыл жөнделмеген тасжолдар қалыпқа келтіріледі

Қайта жаңарту жұмыстарының толық аяқталу мерзімі – 2025 жылдың соңы

 Динара Амантай 17.03.2024 | 13:01
Қызылорда облысында 40 жыл жөнделмеген тасжолдар қалыпқа келтіріледі
Фото: видеодан скриншот

Қызылорда облысында республикалық автожолдарды қайта жаңарту жұмыстары жанданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автожолының жалпы ұзындығы – 412 шақырым. Оның ішінде 204 шақырым Қызылорда облысына, ал 208 шақырым Ұлытау облысына қарасты. Бұл күре жолда соңғы құрылыс жұмыстары осыдан 40 жыл бұрын жасалғанын атап өту керек. Тас жолдың Қызылорда облысына тиесілі телімін қайта жаңарту жұмыстары 6 учаскеге бөлінген, 5 учаскеде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бүгінде жолшылар 24-127 шақырым учаскесінде құнарлы жер қабатын алу, айналма жолдарды салу, жабынды терең қопсыту және қолданыстағы жол жабынын алу жұмыстарын, ал 127-216 шақырым учаскесінде айналма жолмен көлік қозғалысын қамтамасыз ету шараларын қолға алды. Бұл автожолдағы жұмыстар кезең-кезеңмен 2022 жылы басталған.

Қызылорда облысына қарасты автожол учаскесіндегі қайта жаңарту жұмыстарының толық аяқталу мерзімі – 2025 жылдың соңы. Жоба аясында асфальтбетон жабыны бар, 2 жолақты автожолды пайдалануға тапсыру көзделген. Сондай-ақ, су өткізу құбырлары мен малөткелдер де орнатылады.

«Қызылорда-Жезқазған» автожолының Ұлытау облысына тиесілі учаскесін қайта жаңарту жұмыстары 2024 жылдың екінші жартысында басталады. «Қызылорда-Жезқазған» автожолы өңірдің көлік инфрақұрылымындағы негізгі элементтердің бірі екені анық. Сонымен қатар, автожол құрылысы жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына да өз үлесін қосады. Себебі, жол жобаларын іске асыруға көбіне жергілікті мамандар жұмылдырылады. Мәселен, Қызылорда облысындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту үшін 427 арнайы жол техникасы мен 517 жолшы жұмыс жасайды. Оның ішінде 459 адам - жергілікті мамандар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама