×

Аустрияның жетекші компаниялары Қазақстанға қызығушылық танытып жатыр

СІМ басшысы олармен логистика және машина жасау салаларындағы ынтымастықты талқылады

 Динара Амантай 17.03.2024 | 10:25
Фото: СІМ баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Аустрияға сапары аясында құрылыс, логистика және машина жасау салаларындағы жетекші компаниялардың басшылығымен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Lasselsberger Group компаниясының бас атқарушы директоры Йозеф Ласселсбергермен сұхбат барысында Астанада керамикалық тақтайшалар, құрғақ құрылыс қоспалары мен құрылыс желімдерін өндіру бойынша инвестициялық жобаның іске асырылуы талқыланды. Жоба импортты алмастыруға бағытталған және 200-ден астам жұмыс орнын құруды көздейді. Бұған қоса, металлургия саласындағы жоғары деңгейде өңдеу жобасын іске асыру мүмкіндігі талқыланды.

Gebrüder Weiss компаниясының директоры Вольфрам Зенгер-Вайсспен кездесу барысында компанияның Қазақстанда мультимодальды жүк тасымалдауын кеңейту, сондай-ақ А класты қойма терминалдарының желісін ұлғайту жоспарлары талқыланды.

Сонымен қатар Plasser & Theurer компаниясының бас атқарушы директоры Йоханнес Макс-Тойрермен кездесу өтті. Тараптар еліміздің темір жолдарын цифрландыру бойынша пилоттық жобаның іске асыру барысын қарастырды. Жоба жоспарлы-сақтандырмалық жөндеу жұмыстарын оңтайландыруды, теміржол құрамдарының қозғалыс жылдамдығын мен қауіпсіздігін арттыруды көздейді.

Мұрат Нұртілеу аустриялық бизнестің қызығушылығын құптап, жобаларға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Анықтама үшін, Lasselsberger компаниялар тобы – шикізат, құрылыс материалдары мен керамикалық жабындардың жетекші өндірушілерінің бірі, оның құрамына әлемнің 27 елінде жұмыс істейтін 13 мыңнан астам қызметкері бар 67 өндірістік кәсіпорын кіреді.

Gebrüder Weiss компаниясының тарихы XV ғасырдан басталады. Компания көліктік-логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынады. Компанияның халықаралық желісі 34 елдегі 180 филиалды және 8 мың 400 қызметкерді қамтиды. Компанияның айналымы 3 млрд еуродан асады.

Plasser & Theurer компаниясы – 70 жылдық тарихы бар және теміржол жолдарын күту, жөндеу мен салу үшін жолдық машиналарды өндіруде және шешімдер табуда әлемдік көшбасшы. Компанияның жолдық машиналары 110 елде жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама