×

«Құстар тегін мазасызданбайды»: тылсым құбылыс Алматы жұртын алаңдатып қойды (ВИДЕО)

Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан шынында да аспанда ұшып жүрген қарғалардың әрекеті тым тосын екенін байқауға болады

 Халық үні 16.03.2024 | 22:28
фото: ТВ Губерния

Биыл Алматыдан тыныштық кетіп тұр. Әсіресе, 04 наурыздағы жер сілкінісі қала тұрғындарын қатты алаңдатып кетті. Бұған дейін дәл осындай қатты тербеліс 23 қаңтарда тіркелген болатын. Бір қызығы, кейбір тұрғындар  үй жануарларының осындай қатты жер сілкінісінің боларын алдын ала сезетінін аңғарған. Айтуларынша, жер сілкінісі болар алдында мысықтар қайта-қайта мияулап, иттер мазасыздана үріп, құстар да шырылдап түсініксіз әрекеттер жасап, маңайды азан-қазан қылған. Алматылықтар сонымен қатар сырттағы құстардың да жер сілкінісі болардан бұрын мазасыз күйге түсіп, ерсілі-қарсылы ұшқанын көргендерін жарыса жазған еді. Сол секілді желіде қыстың көзі қырауда жыландардың інінен шыққан видеосы тарағаны бар.  Өткен түнде де Алматы тұрғындары дәл осындай құбылысты байқаған, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Түнгі он екілер шамасында Алматы аспанында топтасып ұшып жүрген қарғалар тобын көргендерін жазып жатыр. Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан шынында да аспанда ұшып жүрген қарғалардың әрекеті тым тосын екенін байқауға болады.

Сондай бір жазбаны белгілі ақын Маралтай Райымбекұлының парақшасынан да байқадық. Ақынның айтуынша, мұндай құбылыс түнгі сағат 12 ден жиырма минут кеткенде байқалған. «Кім көрді мұндай көріністі. Бұл ненің белгісі? Әрине, тыныштық болсын! Қарғалар... Мұндай тылсымды бірінші рет көруім», деп өзінің алаңдаушылығын білдірген.

Видежазбаға пікір жазған қолданушылар да осындай құбылыстың Алматының басқа аудандарында болғанын растаған. Бірі «Шамалған бекеті аспанында осы құбылыс байқалды» деп жазса, тағы бірі «Алла жер сілкінуден сақтасын!!! Құстар тегін мазасызданбайды түн жарымда… Құдай сақтасын қала жұртын!!!» деп пікір білдірген. 

Сол секілді «Бүгін құстар шулап, иттер ұлып, үріп кетті бізде. Үйдегі мысық біртүрлі бірдеңеден қорқып диванның астына кіріп жатып алды. Байқаңыздаршы!» деген пікірді де оқып қалдық. 

Расын айту керек, жер сілкінісін алдын ала болжайтын нақты әдіс табыла қойған жоқ. Дегенмен кейбір жануарлардың жер сілкінісін алдын ала сезетіні туралы бұған дейін де айтылып жүрген дүние. Бірақ бұл тұжырым ғылыми тұрғыда расталмай келген еді. Тек соңғы жылдары ғана Еуропа ғалымдары бұл феноменнің рас екенін мойындай бастады. Кей жағдайларда жауарлар зілзаланы 18 сағат бұрын сезе білетіні дәлелденіп отыр.  

Мәселен, өткен жылы Сирия мен Түркияны қара жамылдырып кеткен апат алдында да иттер қатты ұлып, құстар қайта-қайта ғимараттардың үстінен ерсілі-қарсылы ұшып өткен. Содан кейін көп ұзамай Түркия мен Сирияда алпыс мыңға жуық адамның өмірін жалмаған зілзала болды.

Сол секілді тарихта осындай жануарлардың әрекеті бүкіл қаланы құтқарып қалған оқиға да болған. 1973 жылы Қытайдың Хайчэнь аймағында ірі жер сілкінісі тіркеледі. Апат болмай тұрып бір күн бұрын тұрғындар кішігірім жер дүмпуін сезген. Осыдан кейін жақын маңдағы барлық тышқан мен жыландардың індерінен шыға бастағанын байқайды. Тұрғындар бір жамандықтың болатынын сезіп, ел билігінің араласуымен қаладан үдере көшкен. Айтқандай тура бір күннен қуаты 7,3 балдық жер дүмпуі болып,  1328 адам көз жұмады.

Сол секілді 2009 жылы Италияның Л’Акуила қаласында жер сілкінісінен бұрын бақалардың жаппай көші тіркеліпті. 2011 жылы АҚШ-тың шығыс жағалауында болған жер сілкінісі кезінде де құстардың оқыс қозғалысы болған.

Биыл қаңтар айында болған Жапониядағы күшті жер сілкінісін де алғашқылардың бірі болып қарғалар сезген. Қарғалар жер сілкінісі алдында біртүрлі мінез көрсетіп тіпті одан кейін де осындай әрекеттерін қайталай берген. Қала көшелерін қарға басып, жол қозғалысы біраз уақытқа дейін тоқтап қалған-тын. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама