Астана LRT жобасын қаржыландырған қытай банкінің басшылары тергеліп жатыр

Еркеғали Болатұлы

Мемлекеттік даму банкінің бұрынғы 3 вице-президентіне айып тағылды

фото: Halyq Uni

Астанадағы атышулы LRT жобасын қаржыландыруға қаржы бөлген ҚХР Мемлекеттік даму банкінің топ-менеджерлері сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін тергеуге алынды.

Қазір Қытай прокурорлары Мемлекеттік даму банкінің бұрынғы вице-президенттері Ли Цзипин, Ван Юншэн және Чжоу Цинюге сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағып отыр.

Чжоу Циню пара алды деген күдікке ілініп, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Прокуратура оның қызметтік бабын және жеке ықпалын асыра пайдаланып, үшінші тұлғаларға несие алу мен қаржыландыруға, келісімшарт жасасуға, кәсіпкерлік қызметті іске асыруға көмектескенін хабарлады. Бұл үшін Циню ерекше үлкен көлемде материалдық сыйақы алған.

Ли Цзипин де сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеуге алынды. Ол соңғы 8 жылдан бері зейнеткер, дегенмен тәртіп пен заңды өрескел бұзды деген күдікке ілінді.

Банктің үшінші вице-президенті Ван Юншенге сыйлық алу және жеке сектор иелері ұйымдастырған банкеттер, турлар мен гольф ойындарына қатысу арқылы ережелерді бұзды деген айып тағылды. Сонымен қатар, Юншен қаржы институттарының қызметкерлерін жұмысқа қабылдауға араласып, компанияның бағалы қағаздарын заңсыз иемденіп, билікті жеке пайдасына қолданған.