Абай облысында тірі балалар өлілер тізіміне енгізілген

Динара Амантай

Прокурорлар кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бойынша шаралар қабылдады

Фото: Абай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі

Абай облысында жасөспірімдер қылмысы мен кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған құқықбұзушылықтардың өсуіне байланысты алдын алу жөніндегі уәкілетті органдар жұмысының тиімділігін арттыру шаралары қабылданып жатыр.

Облыс бойынша білім беру ұйымдарында 8 мың бейнебақылау камерасы орнатылғанымен, қылмысты азайтуда күтілетін нәтижеге қол жеткізілмеген. Мектеп аумағында немесе оның маңында қылмыс жасау жалғасып келеді.

Мәселен, ақпанда екі студент тоғызыншы сынып оқушысынан 30 мың теңгені пышақпен қорқытып бопсалаған, ол бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Сонымен қатар, облыс орталығында тоғыз жасар баланың мектепке үш жыл бойы бармағаны анықталды. Прокуратура араласқаннан кейін баланың конституциялық құқығы қалпына келтірілді, ол бірінші сыныпқа қабылданды.

 Басқа жағдайда, он алты жасар жасөспірім мектептің орнына бес жыл бойы білім беру мекемелеріне жатпайтын медреседе білім алған. Кейбір аудандарда есепке алу тиісті жүргізілмеудің салдарынан екі мектеп жасына дейінгі бала қайтыс болғандар тізіміне енгізілген, ал қайтыс болған бала тірі болып есептелген. Қазір аталған деректер шындыққа сәйкес келтірілді.

Абай облысы прокуратурасының талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдардың қатысуымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі өткізілді.

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар берілді. Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау прокуратураның тұрақты бақылауында.