×

Қазақстанның барлық өңірінде «Жер сағаты» экологиялық акциясы басталады

Шара барлық адамдарды табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады

 Динара Амантай 15.03.2024 | 13:32
Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы

Бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінде «Жер сағаты» экологиялық науқаны өтеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Акцияға «Жер елшілері» – мектеп парламенттерінің өкілдері, эко-белсенділер, экология саласындағы сарапшылар және оқушылардың ата-аналары қатысады. Шараның мақсаты – балалар мен жастардың санасына эко-белсенділік және экологиялық мінез-құлық идеяларын сіңіру, экологиялық мәдениет дағдыларын дамыту.

Жер сағаты акциясы – Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры өткізетін жыл сайынғы халықаралық іс-шара. Ол барлық адамдарды табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады. Шара аясында климаттың өзгеруіне байланысты адамзатты электр энергиясын тиімді пайдалануға шақыру мақсатында әлемдік маңыздағы сәулет ескерткіштері мен ғимараттары өз жарықтарын өшіреді. Сондай-ақ жеке тұлғалар, кәсіпорындар мен білім беру ұйымдары және мемлекеттік мекемелер, коммерциялық ұйымдар электрден бір сағатқа бас тартады, – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК директоры Раиса Шер.

Акция шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады:

  • Абай облысында «Үздік экологиялық қолөнер» көрмесі;
  • Ақтөбе облысында табиғат туралы поэзия кеші;
  • Ақмола облысында «Климаттық киномарафон»;
  • Алматы облысында Өнер мектебі оқушыларының «Табиғатты қорғайық» атты көлеңкелі театр спектаклі;
  • Атырау облысында Абай атындағы орталық асфальтта суреттер көрмесі;
  • Батыс Қазақстан облысында «ROBOLAND-2024» - «Қазіргі әлемдегі Экороботтар» инновациялық технологиялар мен робототехника фестивалі;
  • Шығыс Қазақстан облысында электр қуатынсыз дайындауға болатын тәттілер мен сусындар ұсынылатын фуд-корт;
  • Жамбыл облысында отшашулар мен жарықдиодты шамдардан флеш-моб;
  • Жетісу облысында ҚазЭкоПатруль спикерлерінің қатысуымен «Экологиялық сауаттылық» тренингі;
  • Қарағанды облысында жас натуралистер арасында «Балалар қолы ғажайыптар жасайды» конкурсы;
  • Бидегі Нейрографика: Қостанай облысында жабайы табиғат дыбыстарына арналған би қимылдары;
  • Маңғыстау облысында экологиялық тақырыптағы көңілді квест ойындары;
  • Павлодар облысында табиғат аясында неон шамдармен көмерілген поэзия кеші өтеді. Мұнда оқушылар проза, поэзия тілінде өздерінің табиғатқа деген сүйіспешілігін жеткізеді;
  • Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық тақырыптағы зияткерлік ойын;
  • Түркістан облысында алау жанында ән айту кеші;
  • Ұлытау облысында «Табиғатпен Селфи» фотогалереясының таныстырылымы;
  • Шымкент қаласында оқушылар «Менің жеке ағашым» атты бастамамен көшеттер отырғызады;
  • Астана қаласында «Жер сағаты» Бүкіләлемдік акциясына орайластырылған дөңгелек үстел өтеді.

Сонымен қатар еліміз бойынша «Бұл біздің Қазақстан» марафон флешмобы және «Жер сағаты»: «Ең үлкен сағат: біз және болашақ үшін!» ұранымен ғаламшардың болашағына бей-жай қарамауға шақыратын 1 сағаттық электр қуатының символдық ажыратылуы болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама