Бір жылда аталған құбыр арқылы 1,5 млн мұнай жөнелтілді
Биыл қаңтар-ақпанда «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы 232 мың тонна Қазақстан мұнайы жіберілді, деп хабарлады «ҚазТрансОйл» АҚ.
2024 жылғы қаңтар-ақпанда ұлттық компания Теңіз кенішінен «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы 232 мың тонна қазақстандық мұнайды жөнелтті. Осы кезеңде Ақтау портынан Махачкала портына қарай 331 мың тонна мұнай жіберілді, - деп жазылған хабарламада.
2023 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ нысандарын пайдалана отырып, Ақтау портында танкерлерге мұнайды тиеу көлемі 3 млн 376 мың тонна болды. Оның ішінде «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағыты бойынша 1 млн 57 мың тонна жіберілді.
Айта кетейік, 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырған еді. Сондықтан «ҚазМұнайГаз» АҚ мен Әзербайжанның SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы Теңіз кен орнынан «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы жылына 1,5 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдауды көздейтін келісім жасаған болатын.