Ресейде президент сайлауы басталды
ОСК Украинадағы соғыста қаза тапқан адамдардың атынан олардың жақындары мен қаруластары да дауыс бере алатынын мәлімдеді
Бүгін, 15 наурызда Ресейде президент сайлауы басталды. Саяси дода 17 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20.00-де аяқталады. Осы уақыт аралығында Ресей Федерециясының елде және шетелде тұрып жатқан азаматтары президенттікке үміткер адамға дауыс беріп, келесі алты жылға ел басшысын таңдайды.
Президент сайлауы Ресейдің барлық жерінде жергілікті уақытқа қарай сағат 08.00-де басталды. Қазір қолда бар мәліметке қарағанда, 94 мың сайлау учаскелері ашылған. Биылғы саяси додаға елдің қазіргі президенті Владимир Путин, «Новые люди» партиясынан Владислав Даванков, РФ Либерал-демократиялық партиясынан Леонид Слуцкий мен РФ Комунистік партиясынан Николай Харитонов түсіп жатыр.
ТАСС агенттігі хабарлағандай, 25 ақпан мен 14 наурыз аралығында Ресейдің алыс жерлері мен әскери бөлімдерінде алдын ала сайлау ұйымдастырылды. Сонымен бірге 51 елде сайлау учаскелері ашылып, Ресей азаматтары дауыс берді.
Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфелова Украинадағы соғыста қаза тапқан жауынгерлердің атынан олардың жақындары мен қаруластары да дауыс бере алатынын мәлімдеді. Ол қаза тапқан адамдарды тізімнен өшіре алмайтынын ашық айтты. Оның айтуынша, қаза тапқан жауынгерлер Путин үшін жанын берген. Сондықтан «Единая Россия» партиясы олардың көзі тірі кезіндегі арман-мақсатын кез келген уақытта орындауға дайын. Ал Ресейдің орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткер болған саясаткер Борис Надеждинді президент сайлауына жібермеді.
ОСК мәліметіне қарағанда, Надеждин – 104 998 қол, ал Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин – 315 мың қол тапсырған.
Ішкі істер министрлігі тексерісінен соң Надеждин жинаған 858 қол жарамсыз деп танылды. ОСК оған қол қойғандар арасында қайтыс болған 11 адамның аты-жөні бар деп мәлімдеді. Содан кейін Орталық сайлау комиссиясы Надеждинге қол жинаған екі адам сайлау заңнамасын бұзып, 360 қол жинағанын айтты. Сол себепті ОСК Борис Надеждиннің жинаған 95 587 қолын ғана жарамды деп таныды. Ал ттіркелу үшін 100 мың қол қажет болған.
Надеждин Ресейдегі Украинадағы соғысқа қарсы шығып жүрген санаулы саясаткердің бірі ғана. Ол президент болып сайланған жағдайда соғысты тоқтатып, мобилизациямен соғысқа жіберілген адамдарды елге қайтаратынын айтқан болатын.