×

Футболдан Қазақстан құрамасы Түркіменстан командасын жеңді

Матч 2:0 есебімен аяқталды

 Дастан Жұмабекұлы 15.03.2024 | 09:52
Фото: instagram.com/kff_team/

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Біріккен Араб Әмірлігінде оқу-жаттығу жиынының аясында Түркіменстан командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 2:0 есебімен жеңді.

Матч телеарнадан көрсетілген жоқ. Сондықтан матч туралы мәліметті Қазақстан футбол федерациясы өзі әлеуметтік желіде жариялады.

ҚФФ-ның хабарлауынша, кездесуде ел құрамасынан Ислам Чесноков Максим Самородовтың берген пасын пайдаланып, 2-минутта, одан кейін Александр Зуев 47-минутта гол салды. Зуев Еркін Тапаловтың пасын алып, алыстан тоғыздықты көздеп, допты торға тоғытты.

Матч жабық аренада болды. Бұған дейін құрама командалар үш рет ойнаған болатын. Соның біреуінде Қазақстан құрамасы жеңіске жетсе, екі ойын тең аяқталған.

Бұл ойынға  ұлттық құраманың басым бөлігі жиналды. Енді бас жаттықтырушы Магомед Адиев жасақтаған команда 19 наурызға дейін оқу-жаттығу жиынын өткізіп, әрі қарай Грекияның Афина қаласына жолға шығады. 21 наурызда ұлттық құрама Ұлттар лигасындағы «Төрттіктің турнирінде» сырт алаңда Грекиямен кездеседі. Егер Қазақстан жеңсе, 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург командаларының арасындағы ойынның жеңімпазымен ойнайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама