×

Қазақ күресінен Ұлттық ұлан чемпионаты өтті

Біріншілікке 7 команда қатысты

 Дәурен Ерболат 14.03.2024 | 18:18
Фото: Ұлттық ұлан

Өскемендегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жекпе-жек сарайында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогы үшін қазақша күрестен жеке және командалық чемпионат өтті, деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Жарыс 1995 жылғы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан Қазақстан ІІМ Ішкі әскерінің 17 жауынгерін еске алуға арналды.

Чемпионатқа қатысушылар алдымен тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев ұлттық спортты ұлықтау маңызды екенін атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында салауатты өмір салтын және бұқаралық спортты оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуды насихаттау мемлекеттің маңызды міндеті екенін айтты. Қазақ күресі – әскери қызметшілердің денесін ширатып, ептілікке баулитын ұлттық спорт түрі. Күрес жігіттеріміздің рухын көтеріп, төзімін шындайды, шыдамды болуға тәрбиелейді. Мұның бәрі әскери қызметшілерімізге жүктелген тапсырмаларды орындауда зор пайдасын тигізеді, - деді ол.

Чемпионатқа 7 команда қатысты. Олар – «Шығыс», «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының, Ұлттық ұлан академиясының және тікелей бағыныстағы №6654 әскери бөлімі мен №5573 бригадасының құрама командалары.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Дене даярлығы және спорт бөлімінің басшысы Сәтжан Әбішев жарыстың деңгейі жоғары екенін атап өтті.

Мұнда республикалық деңгейде бақ сынап жүрген спортшы сарбаздарымыз да қатысып жатыр. Биыл ұлттық спорт түрін дамыту үшін Ішкі істер министрі мен оның орынбасары әрі Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың қолдауымен алғаш рет осындай чемпионат өткізіліп отыр. Бүгінгі біздің біріншілік іріктеу есебінде болады, - деді полковник.

Оның айтуынша, осы чемпионатта жеңіске жеткендер 1-3 сәуір аралығында Щучинскте өтетін Ішкі істер министрінің кубогында Ұлттық ұланның намысын қорғайды.

Сондай-ақ 21-23 мамыр аралығында Қызылордада ҰҚК кубогы ұйымдастырылады. Топ жарған сарбаздар биыл шілдеде Астанада өтетін «Қазақстан барысы» сайысына да қатыса алады, - деді полковник Сәтжан Әбішев.

Жарыстың қорытындысы бойынша командалық есепте бас жүлдені астаналық №5573 бригадасының құрамасы жеңіп алса, екінші орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығының құрама командасы иеленді. Үшінші орын "Орталық" өңірлік қолбасшылығының құрамасына бұйырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама