×

Бектенов Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи келбетін сақтаудың маңыздылығын атап өтті

Ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамызынан бастап жүргізіліп келеді

 Динара Амантай 14.03.2024 | 12:33
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, мемлекет басшысының сәулет өнерінің жарқын үлгісі әрі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдениеттің бірегей мұрасын сақтау ісі жөніндегі тапсырмасының орындалу барысымен танысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістанның сәулет-тарихи кешенінің бірі. Оған жыл сайын 1 млн-нан астам адам зиярат етеді. Кесененің тиісті жай-күйін сақтау жөніндегі жұмыстар табиғи жағдайлардың әсеріне байланысты және бірегей сәулет ескерткіші мен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысанының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамызынан бастап жүргізіліп келеді. Бүгінде кесенеде сыртқы орта мен климаттық факторлардың әсерін өлшейтін датчиктер орнатылған.

Ғылыми-реставрациялық жөндеу жұмыстары жалғасуда.Үкімет басшысы мәдени ескерткішті сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды екенін атап өтті.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – тек қазақ халқының емес, бүкіл адамзаттың асыл мұрасы. Мемлекет басшысы кесененің тарихи келбетін сақтауға қатысты тапсырма берді. Бұл – біздің ортақ міндетіміз. Кесененің жай-күйін ерекше бақылауда ұстау қажет, — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға барлық қолдау шаралары көрсетілетінін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама