×

Тұрғын үйдің электр желілерін салу кезінде ақша жымқырған шенеуніктер сотталды

Былтыр прокуратура 2,5 мыңнан астам бұзушылықты анықтады

 Динара Амантай 14.03.2024 | 09:26
Фото: Halyq Uni

Прокуратура органдары мемлекеттік бюджеттің төрттен бірінен астамы жұмсалатын мемлекеттік сатып алу саласына тұрақты мониторинг жасап отырады. Ол үшін жаңа тәсілдер әзірленіп, ақпараттық-аналитикалық жүйелер белсенді қолданылады.

2023 жылы жоспарлаудан бастап тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді қабылдауға дейінгі кезеңдерде барлығы 2,5 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Олар бойынша 1,4 мың қадағалау актісі енгізілді. Қабылданған шаралармен мемлекет кірісіне 10 млрд теңге өндірілді.

Мысалы, Тараз қаласында жылу магистралін реконструкциялау конкурсы бойынша әлеуетті өнім берушілерге негізсіз талаптар белгіленгені анықталды.

Ақмола облысында жекелеген аудандық әкімдіктер жобалық сметалық құжаттаманы әзірлемей, блоктық-модульдік қазандықтарды сатып алуға ниетті. Заңсыз конкурстардың күші жойылып, заңнама талаптарына сәйкес өткізілді.

Осы облыста арнайы прокурорлар «Жайлау Сити» тұрғын үй құрылыс кооперативі және «Құрылтай» көппәтерлі тұрғын үй кешенін сыртқы электрмен жабдықтау желілерін салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді. 2023 жылы 30 қазанда Целиноград ауданы құрылыс бөлімінің басшысы С. және «Еңбек-Аршалы» ШЖҚ РМК директоры А. 7 және 8 жылға тиісінше бас бостандығынан айырылды, ал «Астана ЭлектроСтройКомплект» ЖШС директоры С. 7 жылға шартты түрде сотталды.

Аталған салада жүйелі проблемаларды анықтау мақсатында былтырғы жыл соңында Қаржы министрлігі және жергілікті атқарушы органдарда тексерулер жүргізілді. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың нормаларын екіұшты қолдану, ішкі мемлекеттік аудит органдарының актілеріне қарсылықтарды ұзақ қарау және басқа да бұзушылықтар фактілері анықталды. Қорытынды бойынша Үкіметке ұсыныс енгізілді.

Қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу жүйесін жақсарту, оның ішінде заңнаманы жетілдіру жолымен іс-шаралар көзделген Жол картасы әзірленді.

Сонымен қатар, Бас прокуратура «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңды және оған қатысты заңға тәуелді актілерді әзірлеуге қатысады. Мемлекеттік қаражатты жұмсаудың заңдылығын қамтамасыз ету саласындағы жұмыс жалғасып жатыр және ерекше бақылауда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама