Қазақстандық ЖОО-ларды 4 лигаға жіктеу моделі әзірленді

Ербол Тұрымбет

Үкімет депутаттардың сауалына жауап берді

Фото: pexels.com

Вице-премьер Ералы Тоғжанов Қазақстандағы жоғары оқу орындарын жіктеу бойынша Мәжіліс депутаты Қанат Нұровтың 17 қарашада жолдаған депутаттық сауалына жауап берді.

Депутат елдегі жоғары білім сапасына қатысты сауал жолдап, елдегі ЖОО-ларды 4 лигаға бөлуді ұсынған еді. Оның пікірінше, ЖОО-лардың қызметін реттеуде Білім және ғылым министрлігі ескірген әдіс қолданады.

Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, академиялық қауымдастықтың талқылау қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарын жіктеу моделі әзірленген. Оны жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оңтайландыру жөніндегі кеңес мақұлдаған.

ЖОО-лар мынадай топтарға бөлінеді: бірінші топ – халықаралық және ұлттық деңгейдегі ЖОО-лар, екінші топ – өңірлік деңгейдегі ЖОО-лар, үшінші топ – салалық деңгейдегі ЖОО-лар. Қалған ЖОО-лар аталған топтардан тыс болады, яғни төртінші топқа жатады. Ал жаңадан құрылатын ЖОО төртінші топқа жатады.

Екіншіден, жоғары оқу орындарын топтарға бөлу білім беру, ғылыми қызмет, интернационалдандыру нәтижелеріне, сондай-ақ ел, өңір экономикасына және (немесе) салаға қосқан үлесіне байланысты негізделеді.

Алғашқы үш топқа кіретін жоғары оқу орындары үшін білім беру бағдарламалары аккредиттелген әрі кәсіби стандарттарға сай болуы қажет. Ғылыми қызметтің қаншалық табысты екені профессор-оқытушылық құрам жұмыстары мәтіндерінің жиі қолданылуына, ғылыми коллаборацияға, ғылыми жобаларды коммерцияландырудан түсетін кірістерге, рейтингтік журналдардағы жарияланымдар санына байланысты айқындалады, – делінген вице-премьер жауабында.

Үшіншіден, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ЖОО-ларды топтарға жіктеу тәртібі жоғары оқу орындарының өтініштері түсетін мамандандырылған ақпараттық платформа арқылы жүзеге асырылады. Өтініштер келіп түскеннен кейін жұмыс тобы тиісті сараптама жасайды.

Бұдан бөлек, заң жобасында жоғары оқу орындарын топтар бойынша жіктеу қағидалары мен өлшемшарттарын әзірлеу және бекіту жөніндегі норма көзделген. Осыған байланысты, қолданыстағы заңнамаға түзетулер қабылданғаннан кейін министрлік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының тізбесін бекітеді.