Тергеу кезінде азаматтардың құқығын қорғау деңгейі жақсара түскен
Мемлекет басшысы Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президентке сот төрелігінің сапасын жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар баяндалды.
Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, аналитикалық блок айтарлықтай күшейтіліп, Жоғарғы соттың жалпы нормативтік қаулыларының үшінші бөлігіне түзетулер енгізілген. Бұдан бөлек, тергеу кезінде азаматтардың құқығын қорғау деңгейі жақсара түсті. Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беруден бас тартатын жағдайлардың және алқабилердің қатысуымен сотта қаралатын істердің саны мен бітімгершілік келісіммен аяқталған азаматтық даулардың үлесі артты.
Мемлекет басшысына сот реформасының барысы туралы мәлімет берілді. Мысалы, депутаттық корпуспен бірлесе отырып, президенттің тапсырмаларын іске асыруға бағытталған заңнамалық түзетулер жөнінде бастама көтерілді. Атап айтқанда, заңды өрескел бұзғаны үшін тәртіптік іс қозғау институтын қайта қарау, сот төрелігінің сапасын тексеретін комиссия жұмысын жетілдіру, дербес кассациялық саты құру ұсынылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын және заңды мүддесін қорғау ісінде сот жүйесінің ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысы сот жүйесін одан әрі реформалау жұмыстарын жалғастыру маңызды деп санайды.