Төлем зейнет жасына дейін беріледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Зенит» Орал зауыты» АҚ еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Ол еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген қазақстандықтарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем және 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы туралы баяндады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Катерлер, кемелер және мұнай-газ секторында жұмыс істейтін компанияларға арналған жабдықтар өндіруге маманданған кәсіпорында 788 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 250 мың теңге. Ұжыммен кездесу барысында Светлана Жақыпова ұзақ уақыт бойы еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істеген адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін Қазақстанда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша енгізілген арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау шарттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
АӘТ тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы – міндетті шарттар. Төлем зейнет жасына дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмысшылар жеңіл жұмысқа ауыса алады. Содан кейін олар жалақы мен демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.
БЖЗҚ деректері бойынша АӘТ тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам, 2030 жылы 58 мыңнан астам, 2035 жылы 95 мыңнан астам жұмысшы үміткер бола алады. Осылайша, әлеуметтік төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды.
Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмысшы үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала есептеулер бойынша, 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңге, ал 2035 жылы 519 мың теңге болады.
2024 жылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша, республикада 1 156 төлем алушыға 244,9 млн теңге сомасына 2 мың 661 төлем берілді. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 10 алушыға 2,3 млн теңге сомасында төлем жүргізілді, – деді Светлана Жақыпова.
Сондай-ақ министр былтыр жыл соңында Үкіметтің қаулысымен 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілгенін хабарлады.
Құжат тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды, кәсіптік тәуекелдерді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыруды, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамытуды, еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруды көздейді.
Тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттану деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын азайтуға және еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыс орындарының санын азайтуға ықпал ететін болады.
Қазір кәсіпорындардың цифрлық картасы құрылды. Ол 2024 жылғы 1 шілдеден бастап нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мониторинг үшін мәліметтерді мемлекеттік еңбек инспекторларымен қатар, кәсіподақтар да енгізетін болады. Олар үшін кәсіпорындар картасында жеке жұмыс орны құрылады. Барлық бизнес-процестер автоматтандырылады. Бұл – жұмыс орнын бағалау, жеке қорғаныш құралдарын және басқа кепілдіктерді ұсыну, барлық деңгейдегі еңбекті қорғау туралы білімді тексеру. Осы шараларды қабылдау нәтижесінде өндірістік жарақаттану көрсеткіштері төмендейді деп күтіледі, – деді ЕХӘҚМ басшысы.