×

Ақтаулық полицейлер өртенген үйден үш баланы құтқарды

Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының «Сұңқар-9» жасағы барған

 Халық үні 31.05.2022 | 06:51
Фото: inform.kz

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, 28 мамыр күні 34 шағынаудандағы үйлердің бірінен өрт шыққаны жөнінде шақырту түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының «Сұңқар-9» жасағы барған.

Полиция қызметкерлері оқиға орнына жеткенде тұрғындардың барлығы дерлік үйден шыққан екен. Алайда, әйел адам тәртіп сақшыларынан көмек сұрап, дүкенге кеткенде үйдің ішінде үш баласының қалғанын, олардың ең кішісі 4-5 айлық екенін айтып, оларды алып шығуын өтінген. Полицияның аға лейтенанты Рыскелді Маденов көк түтінге толы пәтерге кіріп, балаларды таза ауаға алып шығады. Сөйтіп, балалар анасына аман есен табысталады.

Кішкене бүлдіршіндердің пәтер ішінде қалып қойғанын естігенде бар ойым еш қауіп төндірместен соларды анасына әкеліп табыстау болды. Балалар шошынып қала ма деп өзім де тез алып шығуға барынша тырыстым», - дейді Рыскелді Маденов.

Осы ретте Маңғыстау облысы ПД ата-аналардан балаларды үйде жалғыз қалдырмауды сұрайды. Оқыс оқиғалар аяқ астынан болады. Сондықтан ата-аналардың қай кезде де мұқият әрі сақ болғаны абзал.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама