Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдіктердің тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптердің тізбесін қалыптастыру қағидаларын жетілдіру мақсатында 2023 жылғы 20 ақпанда бекітілген №49 бұйрыққа өзгерістер енгізеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптер тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтың жобасына мынадай өзгерістер енгізіледі:
- сұранысқа ие кәсіптер бойынша ұғымдық аппаратын айқындау;
- салалық мемлекеттік органдардың ұсыныстары салалық қауымдастықтардың немесе мүдделі жұмыс берушілердің сұраныстары мен қажеттіліктеріне, сондай-ақ саланы реттеудің императивті әдісі негізінде қалыптастыру;
- талап етілетін кәсіптер бойынша өлшемшарттарды айқындау және үміткерлердің олардың біреуіне немесе бірнешеуіне сәйкестігі: шетелдік жоғары оқу орнының дипломымен расталған жоғары біліктілік; ғылыми дәрежесінің болуы; ірі немесе танымал әлемдік компаниялардағы жұмыс тәжірибесі; кәсіби білімі мен дағдыларының болуын растайтын арнайы курстарды бітіргені туралы сертификаттар, аттестаттар (басқа құжаттар); бұрынғы жұмыстардың нәтижелері туралы мәліметтер, жұмыс берушілердің, тапсырыс берушілердің пікірлері мен ұсыныстары және т.б.; авторлық әзірлемелердің, жарияланымдардың, кәсіби және конкурстық наградалардың болуы; белгілі бір саланы дамыту бойынша инновациялық идеялардың, жоспарлардың болуы;
- сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін қалыптастыру кезінде ішкі еңбек нарығыдағы қажеттіліктерді талдау әдістемесін жетілдіру.
Жария талқылау мерзімі 2024 жылдың 29 наурызында аяқталады.