Атырауда сотты болған адамдар мектепте жұмыс істеген

Дастан Жұмабекұлы

Бес мектептің директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Фото: nege.kz

Атырау облысында бұрын сотты болған 3 адамның мектепте жұмыс істегені анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Бұл азаматтар бұрын мектептерге кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты және денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларының ұрып-соғу фактілерін және басқа да құқыққа қарсы іс-қимылдарды жасырғаны үшін ӘҚБтК-нің 127-1-бабы бойынша 5 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.

Одан басқа, прокуратура 16 мемлекеттік және 1 жекеменшік мектепте тыйым салынған интернет-контентке еркін қол жеткізу фактілерін анықтаған. Қазір осы сайттарға қолжетімділік шектеліп, кінәлі адамдар ӘҚБтК 409-бабының 7-2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Барлығы 129 мемлекеттік және 11 жекеменшік мектеп тексерумен қамтылып, заң бұзушылықты жою туралы 91 ұсыныс берілді. 108 заңды және 55 лауазым иесі әкімшілік жауапкершілікке, 1 адам жалған дипломды пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осыған ұқсас фактілер бойынша тағы екі сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 353 млн теңгеге негізсіз жоспарланған мемлекеттік сатып алу тоқтатылды.

Бұған дейін хабарланғандай, Шығыс Қазақстан облысындағы мектепте те бұрын сотталған адамдар жұмыс істеген. Соның ішінде психикалық ауруға шалдыққан адам да болған.