10 адамға айыппұл салынды
Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен өңірде барлық мүдделі органдармен бірлесіп, алимент бойынша қарыздарды азайтуға бағытталған «Алимент бойынша 10 қадам» жобасы іске асырылып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жоба аясында БҚО полиция департаменті мен жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының қызметкерлерімен бірлесіп, алимент төлемейтін көлік иелерін анықтау және ұстау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілді.
Бастапқы кезеңде жалпы көлемі 3,3 млн теңгеге алимент бойынша борышкерлерге тиесілі «Вольксваген пассат» және «Ваз-21102» маркалы 2 көлік анықталып, айыппұл тұрағына қамалды. Қазір сот орындаушысы осы мүлікті бағалау және сату бойынша шаралар қабылдап жатыр.
Аулаларды аралау нәтижелері бойынша учаскелік полиция инспекторларымен және БҚО әділет департаментінің мамандарымен бірлесіп, алимент төлеу туралы сот шешімдерін қасақана орындамағаны үшін 34 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24 адам сот шешімімен қамауға алынып, 10 адамға айыппұл салынды.
2 жылға дейінгі мерзімге шектеу не бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін алимент төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша 3 борышкерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.