Қазақстанда бір жылда қазы мен жая қымбаттаған

Еркеғали Болатұлы

Жылқы еті, әсіресе, Павлодар облысында қымбаттады

фото: МТРК «Мир»

Қазақстанда қазы бір жылда 5%, жая 3% қымбаттады. Жалпы, жылқы етінің өндірісі азайған. Бұл туралы energyprom.kz хабарлады.

Биыл ақпанның соңында жылқы еті бір жылда 4,3%, атап айтқанда, қазы 4,8%, жая 2,5% қымбаттаған.

Жылқы еті, әсіресе, Павлодар облысында (бір жылда 10,8%) қымбаттады. Одан кейінгі орында Ақмола (9,8%) және Маңғыстау (9,6%) облыстары тұр.

Бағаның ең аз өсімі Астанада (бар болғаны 0,7%) байқалды. Тек Шымкентте ғана бір жылда 4,6% арзандаған.

Негізінен биыл қаңтарда елімізде 281 тонна жылқы еті өндірілген. Бұл – былтырғыдан 7,3% аз. Оның ішінде мұздатылған ет өндірісі бір жыл бұрынғы 13 тоннамен салыстырғанда, небәрі 8 тонна болды.