Halyq Uni логотип
×

Әзербайжанда Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы ашылды

Президент Орталық ұжымына күйшінің домбырасының көшірмесі мен автобусты сыйға тартты

 Дастан Жұмабекұлы 12.03.2024 | 15:25
Әзербайжанда Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы ашылды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға мемлекеттік сапарының екінші күні Физули қаласына барып, осы елдің президенті Ильхам Әлиевпен бірге қираған жерлерді аралап көріп, қаланы дамытудың бас жоспарымен танысты.

Мемлекеттер басшыларына қаланы және оның төңірегіндегі аумақтарды қайта қалпына келтіру үшін қолға алынған іс-шаралар туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ шаһардың жаңа келбеті: болашақ әкімшілік орталықтың, саябақтың және басқа да маңызды нысандардың эскиздері мен жобалары көрсетілді.

Бұдан бөлек, екі ел президенттеріне қазір қалада ауқымды құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны баяндалды. Былтыр мамыр айында қала ішіндегі көшелер мен жолдар желісінің негізі қаланып, ауызсумен қамтамасыз ету, кәріз және жауын суының ағып кету жүйесін тарту жұмыстары басталған. Сондай-ақ цифрлық қосалқы станция мен «Физули» басқару орталығы іске қосылған.

Сонымен қатар бір мезгілде әкімшілік ғимараттардың, коммуналдық үй-жайлардың, тұрғын үй кварталының құрылысы басталған. Қазір Физулиде 38 көпқабатты ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қазақтың дәулескер күйшісі атындағы Балалар шығармашылығы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Заманауи инновациялық орталық Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазақстандықтардың атынан бауырлас әзербайжан халқына гуманитарлық тарту ретінде қысқа мерзім ішінде салынды.

Бұл – Қазақстан халқының тартуы. Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін, – деді Қазақстан президенті Физули жұртшылығымен әңгімелесу кезінде.

Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтты

Бауыр ретінде осындай керемет сый жасағаныңыз үшін Сізге алғыс айтқым келеді. Азат етілген жерлерде Балалар шығармашылығы орталығын салу Сіздің бастамаңыз еді. Осыдан 1,5 жыл бұрын Әзербайжанға келген кезіңізде аталған орталықтың жобасы таныстырылған болатын. Ол бір жыл ішінде салынып, бүгін ресми түрде ашылып отыр. Орталық қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімімен аталды. Кеше айтқанымыздай, бұл тек балалардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжанның достығы мен бауырластығын айшықтайтын орталық болады. Біз бұл тартуға шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Әзербайжан халқы мұны ешқашан ұмытпайды, – деді Ильхам Әлиев.

Бұл Орталыққа Құрманғазының есімі кездейсоқ беріліп отырған жоқ. Өйткені қазақ халқының дәулескер күйшісінің бай мұрасы бүкіл түркі дүниесінің асыл қазынасына айналды.

Шын мәнінде, Құрманғазы – қазақ музыкасының алыбы. Тіпті түркі мәдениетінің ажырамас бөлігі деп айтуға болады. Қазақтың күй өнерін Құрманғазысыз елестету мүмкін емес. Оның туындылары өте тегеурінді әрі заманмен бірге жасай береді. Сондықтан оның әйгілі «Сарыарқа» күйін халық әлі күнге дейін тебірене тыңдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екі ел басшылары Орталықтағы жаңа кабинеттерді, кластарды, залдар мен шығармашылық студияларын аралап көрді.

Ғимараттың іргетасы былтыр наурыз айында қаланған болатын. Нысанды жобалау жұмыстары 3 айдың ішінде жасалып, құрылысы 9 айда аяқталды.

1,5 гектар аумақта орналасқан орталықтың жалпы ауданы – 2 700 шаршы метр. Екі қабатты ғимаратта 600 баланың бірнеше ауысыммен мектептен тыс білім алуына барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда дәріс залы, шахмат, аспаз кластары, көркемөнер және мүсін студиясы, хореография және спорт залдары, дыбыс жазу кабинеті, музыка және вокал класы, фото-бейнемонтаж, веб-дизайн және роботты техника кабинеттері, акт залы, 3D-модельдеу класы бар. Орталықта IT-cтартаптарға және Әзербайжанның ұлттық мәдениетіне, соның ішінде кілем тоқу өнеріне айрықша мән берілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, сондай-ақ білім ошағының тәрбиеленушілерін таситын автобусты сыйға тартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама