Бұл құжат тазылардың Халықаралық кинология федерациясының тіркеу кітабына енеді
Ақтөбеде қазақы тазылардың көрмесі өтті. Таза қанды иттерді анықтау үшін онда Астана, Алматы қалаларынан сарапшылар шақырылған. Бұл туралы qazaqstan.tv хабарлады.
Еске сала кетсек, былтыр мемлекет басшысының өзі тазы мен төбетті қорғау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын. Бұл шара сол тапсырманы орындау аясында ұйымдастырылып отыр. Мамандар әр иттің дене тұрқын, шашағын, сирақтарын, тіпті, тырнақтарына дейін өлшеп, баға берді.
Ақтөбе – ел бойынша тазы саны көп аймақтың бірі. Тек бүгінгі көрменің өзіне 100-ге жуық ит асыраушы жиналған. Оның ішінде барлық талапқа сай келгендері арнайы құжатқа ие болды.
Енді бұл құжат тазылардың Халықаралық кинология федерациясының тіркеу кітабына енеді. Сол арқылы шет елдерде өтетін иттер көрмесіне қатысуға мүмкіндік алады.
Тазы жанашырлары бар, қалада тұрады. Оны қалалық жерде бағу қиын. Арнайы орын ашылса, ол жерде селекциялық жұмыстар жасалар еді. Содан кейін нешетүрлі жұмыстар жасап, тазының дамуына үлкен қолдау болатын еді, - дейді облыстық «Құмай тазы» федерациясының вице-президенті Жасұлан Жақсылықов.