Дегенмен ол Олимпиадада күш-жігерін салып ойнайтынын ескертті
Еліміздің бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина тағы да денсаулығының сыр беріп жатқанын айтты.
Бас кезінде теннисшіде дене қызуы болып, температурасы көтерілген көрінеді. Ал қазір аздап жөтеліңкіреп сөйлейді. Оның емделіп жатқанына да бірнеше күн болыпты. Сол үшін Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс WTA 1000 турниріне қатысудан неге бас тартқанын айтты.
Биыл денсаулығым болмай жүр. Қайта-қайта емделемін. Енді мне, Индиан-Уэллс турниріне де қатыса алмай отырмын. Бұл – мен үшін үлкен өкініш. Жарысқа қатыса алмағаныма өкінемін. Біздің жақын адамдарымыз жарыстың мен үшін қаншалықты маңызы зор екендігін, былтырғы чемпиондық атағымды қорғағым келгенін біледі. Мені қолдауға келген барлық жанкүйерге ризашылығымды білдіремін. Олардың биыл менің ойынымды көре алмайтыны өкінішті. Енді кортқа қайта оралу үшін демалып, қалпыма келемін, – деді Рыбакина.
Елена Рыбакина Индиан-Уэллсте журналистің алдағы Олимпиадаға қатысу туралы сұрағына да жауап берді. Еліміздің көшбасшы теннисшісі Қазақстан үшін Олимпиада медалін жеңіп алудың аса маңызды екенін айтты. Ол «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы атанғаннан кейін Қазақстан халқы үшін Олимпиада медалін жеңіп алу маңызды екенін, өткен жолы медальға қол созым жерде жеңілуге мәжбүр болғанын атап өтті.
Сондықтан мен үшін Олимпиаданың орны бөлек. Егер Олимпиада жүлдесін жеңіп алсам, бұл ел үшін ерекше оқиға, мен үшін және барша Қазақстан үшін үлкен жетістік болады. Қазақстандықтар мені белсенді түрде қолдап, барынша көмектесіп келеді. Қазір Қазақстанда теннис барған сайын кеңінен тарап жатыр. Бұл – тамаша үрдіс. Балалар теннис ойнай бастады. Мен Олимпиадада бар күшімді салып ойнаймын, – деді спортшы.
Айта кетсек, Токио Олимпиадасында Елена Рыбакина 4-орынға табан тіреген еді.