Тексеру кезінде қылмыстық топтың тағы 5 мүшесі тұтқындалды
Түркістан облысында аса ауыр қылмыс ашылды, деп хабарлады polisia.kz.
Былтыр тамыз айында Түркістан облысында дүйім жұртты дүр сілкіндірген қанды оқиға болған еді. Қылмыстық топ мүшелері екі адамды асқан қатыгездікпен атып өлтірген болатын. Сол кезде үйінің ауласында демалып отырған жандарға бетперде киген екі адам мотоциклмен келіп, оқ жаудырғаны есімізде. Оқтан ағалы-інілі екі кісі оқиға орнында жан тапсырып, тағы екі адам жарақат алды. Осы дерек бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің тәуліктік жедел-тергеу тобы қылмыс орнын тексеріп, жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде үйден шамамен 3 шақырым жердегі жыраға тыққан қару-жарақ пен мотоциклді тапты, – делінген материалда.
Порталдың хабарына қарағанда, жедел-тергеу тобы құрамында кезекшілікке түскен полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасының аға криминалисі Шыңғыс Сарсеков заттай дәлелдемеден, яғни шлемнен қол саусағы іздерін алған. Оны автоматтандырылған дактилоскопиялық сәйкестендіру жүйесіне енгізіп, қылмыскердің қол саусақ іздерімен сәйкестікті анықтайды.
Криминалистің кәсіби шеберлігі мен жоғары біліктілігінің арқасында екі адамды өлтіру фактісі тәулік ішінде ашылды. Күдікті ішкі істер органдарына жеткізіліп, тергеп-тексеру кезінде қылмыстық топтың тағы 5 мүшесі тұтқындалды. Кейін анықталғандай, қара ниеттілер мотоциклмен шабуылдаған кезде қолдарына қолғап киіп жүрген. Полиция капитанының мұқияттылығымен табылған шлемдегі іздің жалғыз негізгі айғақ болғаны белгілі.