Қазақстан мен Әзербайжан басшыларының келіссөзі басталды
Қасым-Жомарт Тоқаев «Загульба» резиденциясына келді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президентінің «Загульба» резиденциясына келді.
Резиденцияда Қазақстан президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Әзербайжанның мемлекеттік әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Салтанатты рәсімнен кейін екі ел басшылары келіссөз залына өтті.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзербайжан президенті сайлауындағы айқын жеңісімен және биыл Бакуде СОР 29 саммитін өткізу мүмкіндігіне ие болуымен құттықтады.
Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығының мазмұны байып, бірлескен ірі жобалармен толыға түскенін және қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалады.
Әзербайжан президенті Қазақстанмен арадағы бауырластық байланыстардың беки түскенін айтты.
Келіссөзде тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асыру перспективасы қарастырылды.