Ең тартысты Аламан бәйгеде I орынды Бақторы есімді сәйгүлік алды, шабандозы – Абзал Тұрғанбек
Өткен аптада Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының Бәйге федерациясы Шымкент қаласында бәйгеден ел чемпионатының І іріктеу кезеңін өткізді.
Екпіні 26 шақырым/сағатқа жеткен жел мен жаңбырлы ауа райы спортшыларға өздерінің барлық әлеуетін көрсетуге кедергі бола алмады. Бәйгеге елдің түкпір-түкпірінен 80-нен астам тұлпар қатысты.
Бәйгенің үш түрі: Құнан бәйге, Топ бәйге және Аламан бәйгеден өткен турнирдің жалпы жүлде қоры 20 900 000 теңгені қамтыды. Шабандоздар додаға тек жүлде үшін емес, сонымен қатар Қазақстан чемпионатының финалына шығу және чемпиондық атақ үшін түсті.
Сонымен, Құнан бәйгеде Алматы облысынан келген Қарлығаш атты тұлпар алдына қара салмай, І орынды иеленді. Шабандозы – Абзал Тұрғанбек. II орынды Граф атты тұлпар алды, шабандозы – Айтқабыл Қабыл. Жүлдегерлер үштігін Раушан атты жылқы аяқтады, шабандозы – Санжар Иринат.
Топ бәйгенің жүлде қоры – 7 100 000 теңге. Бұл бәйге бойынша ең үздік тұлпар – Бүркіт болды, шабандозы – «Алтын тұғыр - 2023» иегері Бекзат Ділдахан. II орынды Ғасыр атты тұлпар (шабандозы – Әлихан Сайлауғали) иеленді. III орынды шабандоз Арнат Мұратхан Ақбақай атты жылқымен жеңіп алды.
Ең тартысты Аламан бәйгеде I орынды Бақторы есімді сәйгүлік алды, шабандозы – Абзал Тұрғанбек. Оған жарыстың бас жүлдесі 5 000 000 теңге берілді. II орынды Айтұяқ атты тұлпар (шабандозы – Шалқар Мұханбет) жеңіп алды. III орынды Бекзат Ділдахан мінген Тайсон атты тұлпар жеңіп алды.
Кілең мықты тұлпарлар шапты. Соның ішінде бағым жанып, 1-орын алдық. Алғашында тізгінді жібермей, атымның басын тартып отырдым. Төртінші айналымда атым терледі, содан бастап алдағы аттарды ұзатпай шауып отырдым. Соңғы үш айналым қалғанда аттар шаршай бастады. Екі айналым қалғанда алдымда екі-ақ ат қалып еді. Соңғы айналымда олар да артымда қалды. Қазақ бәйгесі, қазақтың ұлттық спорты жасасын! - дейді жас шабандоз Абзал Тұрғанбек.
Сайыс барысында арнайы ойын-сауық іс-шаралары да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қыз-келіншектер арасында жүлде қоры 1 500 000 теңгені қамтитын «Ұлттық сезім» ұлттық киім байқауы өтіп, онда қатысушылар өз қолдарымен жасаған ұлттық нақыштағы өнімді көрсетті. Бұл байқауға 45 қыз-келіншек қатысып, Ұлдана Әлмахан жеңімпаз деп танылды.
Сондай-ақ көрермендер үшін жалпы жүлде қоры 3 000 000 теңгені қамтитын ұтыс ойыны өтті.
Еске сала кетсек, Республикалық «Бәйге» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.