Кәмелетке толмаған баланы зорлады деген күдікті сот ғимаратында асылып қалды
Сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады
Теміртау қалалық соты ғимаратының арнайы ұстау камерасында күдікті өз-өзіне қол жұмсады. Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Оқиға 57 жастағы күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы санкцияланғаннан кейін орын алған.
«Ұсталған азамат кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады деген күдікке ілінді. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі «Өзін-өзі өлтіруге апару» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Облыстық соттың баспасөз қызметі күдіктіні сот ғимаратының арнайы бөлмесіндегі камераға шығарып салып, қамауда ұстағанын, ол жерде өз-өзіне қол жұмсағанын хабарлады.
Қарағанды облысы полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, сотталушыны қадағалауы тиіс Теміртау қалалық ІІБ қызметкерлерінің қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарауы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.