Halyq Uni логотип
×

Ауыл оқушысы қазақ даласының хош иісі бар әтір ойлап тапты

Ол өз жұмысында табиғи ингредиенттерді пайдаланған

 Динара Амантай 11.03.2024 | 10:57
Ауыл оқушысы қазақ даласының хош иісі бар әтір ойлап тапты
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Кеңес ауылының 5-сынып оқушысы Альбина Айдарханова ұстазымен бірге қазақ даласының хош иісі сақталған әтір шығарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мектеп оқушысының айтуынша, оны ерекше хош иіс жасауға Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қанатты сөз шабыттандырған.

Осындай сөзді естігеннен кейін, туған жердің иісі бар әтірді жасап шығарғым келді. Бұл иісті шығаруда мен ежелгі шығу тегімізді зерделедім, – деді Альбина Айдарханова.

Оқушы өз жұмысында табиғи ингредиенттерді пайдаланған. Парфюмерия жасаудағы негізгі өнім – туған өлкенің қасиетті жұпарына айналған қарапайым жусан.

Біз үй жағдайында әтір жасау тәсілдерін зерттедік. Алған білімдерімізді практикада қолдану барысында жусанның сан түрін анықтадық. Егер әтірдің негізгі нотасы ретінде гүлдер қолданылса, біз оның орнына қарапайым жусанды таңдадық. Себебі оның тұнбасы тәбетті жақсартып, асқазан-ішек жолдарының қызметін нығайтады. Сондай-ақ жүйке жүйесін тыныштандырып, түрлі шаншу мен құрысуларды, ауырсынуды басады, тіпті тыныш ұйқыға септігін тигізеді, – деді жоба жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Жұпар Ахметова.

Айта кетсек, бұл хош иіс «Елім-ай» деп аталады. Жас өнертапқыштың айтуынша, әтірдің атауы еліміздің мәдениетіне деген сүйіспеншілікпен байланысты. Бесінші сынып оқушысы жақында өткен ғылыми жобалар байқауында өз жұмысын қорғап, «Химия, биология» секциясында жүлделі 3-орынды иеленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама