Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша - Тоқаев
Ораза қабыл болсын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
Президент халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша екенін айтып өтті.
Қымбатты отандастар! Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша. Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл.
Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді. Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін. Ораза қабыл болсын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін!, - деп жазылған президент құттықтауында.
Айта кетейік, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталды. Ал сәуірдің 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.