Ризабек Айтмұхан Түркиядан қола жүлдемен келе жатыр
Еркін күрес балуаны турнирде үшінші орын алды
Еркін күрестен тұңғыш рет әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан Яшар Догу, Хамит Каплан мен Вехби Эмрені еске түсіруге арналған халықаралық турнирде қола медаль жеңіп алды.
Ұлттық құраманың спортшысы 97 кг дейінгі салмақта күресіп, жартылай финалда қарсыласына есе жіберді.
Бұл – Ризабектің Айтмұханның Олимпиада бағдарламасына кіретін салмақта сынға түскен алғашқы халықаралық жарысы. Осыған дейін ол жыл басында 97 кг дейінгі салмақта Қазақстан чемпионатында күміс жүлдеге ие болған еді.
Түркиядағы турнирде Ахмед Тажудинов (Бахрейн) жеңімпаз атанса, Джонатан Леонард (АҚШ) күміс медальді, Раду Лефтер (Молдова) мен Ризабек Айтмұхан қола жүлдені бөліп алды.