×

Дүниежүзілік гимназияда-2022: БҒМ жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады

Олардың ішінде 11-сыныптың 50 түлегі ЖОО-да оқуға білім гранттарын алады

 Динара Амантай 30.05.2022 | 17:35
Фото: @bilim_jane_gylym

Балалар жылында Дүниежүзілік гимназиада – 2022-нің жеңімпаздары мен жүлдегерлері білім гранттары және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бағалы сыйлықтар табыстап, ел Президентінің тапсырмасы аясында 11-сыныптың 50 түлегі қазақстандық ЖОО-да оқуға білім гранттарын алатынын айтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің ұстаздары мен жаттықтырушыларына алғыс хаттар табыс етілді.

Мен баршаңызды тарихи жеңістеріңізбен құттықтаймын. Сондай-ақ оқушыларымыздың жаттықтырушылары мен ата-аналарына әлемдік аренада осындай жоғары жетістіктерге жетуге көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтқым келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және әлемдік деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ, ЖОО-ға бейінді бағыттар бойынша грантқа түсуге мүмкіндік алды. Бүгін бұйрыққа қол қойылды және енді гимназиаданың 50 жеңімпазы, мектеп түлектері өз мамандығы бойынша жоғары оқу орындарында білім алу үшін грантқа ие болады, – деді Асхат Аймағамбетов.

Салтанатты жиынға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов та қатысып, жеңімпаздарды құттықтап, алғыс хаттар табыс етті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Технодом» компаниясы бағалы сыйлықтар табыс етті. Олардың ішінде ұялы телефондар, смарт-сағаттар, ноутбуктер, пауэр-банктер және т.б. бар.

Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандық оқушылар алғаш рет Дүниежүзілік гимназиада – 2022 жарысына қатысып, Францияның Нормандия қаласында әлемнің 70-тен астам елінен келген жасөспірімдермен сынға түсіп, үшінші орынды иеленген болатын. Ұлттық құрама 86 медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасының құрамында 234 спортшы өнер көрсетті. Олар спорттың 18 түрінен сынға түсті: баскетбол, бокс, еркін күрес, әйелдер күресі, грек-рим күресі, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу және т.б.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама