Назгүл мен Құндыздың бұл фәниде бір-бірінен басқа ешкімі жоқ
Түркістан облысында 17 жыл құлдықта болған апалы-сіңлілі қыздарды «Көреміз» бағдарламасының жүргізушісі Руслан Өтепбай 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай арнайы барып құттықтады.
Журналист бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтып, жазба жариялады.
«Көктем мерекесі - айнала әрленіп, қыздар жақындарынан жылы сөз естіп, сүйіктілерінен сыйлық алатын шақ. Әсіресе 8 наурыз мерекесін жаныңа жақын жандармен өткізгенге не жетсін…
Алайда Назгүл мен Құндыздың бұл фәниде бір-бірінен басқа ешкімі жоқ. Сондықтан әпкелі-сіңлінің көңілін көтеріп, сұрсыз күндерін сәндеу үшін гүл шоқтары мен тәттілерді алып, кіріп шықтым. Қыздар марқайып қалғандай…
Ағайын, қос қыздың тағдыры сіздерге де сабақ, үлгі-өнеге болсын. Қысқа ғана өмірде бір-бірімізге демеу, бауырларымызға медеу болып жүрейік!», - деп жазды журналист.