Қазақтың ұлттық дәстүрлері ЮНЕСКО қаражатымен қорғалатын болды

Еркеғали Болатұлы

Қазақстан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетіне былтыр ғана қосылған

фото: Halyq Uni

Қазақстанға алғаш рет берілген ЮНЕСКО қаражаты материалдық емес мәдени мұра нысандарының ұлттық тізімін жаңартуға бағытталады.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, ЮНЕСКО халықаралық қорының штаб-пәтерінде материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 19-шы Бюросының отырысы өткен. Онда олар алғаш рет ұйымнан қазақстандық жобаға қаржы бөлуді ұйғарды.

Қазақстанның өтініші – мақұлданған 4 өтініштің бірі. Елге 99,6 мың доллар бөлінді. Бұл ақша материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізімін жаңартуға жұмсалады. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның қаражаты Қазақстанның 5 аймағында ICH қорғау саласындағы әлеуетті арттыруға көмектеседі.

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов қорға көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, республиканың өз аумағында да, одан тыс жерлерде де адамзаттың мәдени мұрасын қорғауға өз үлесін қосатынына сендірді.

Қазақстандағы материалдық емес мәдени мұра нысандарына қазақ күресі, күй, жыртқыш құстармен аңшылық өнері, Наурыз, дәстүрлі асық ойыны және басқа да көптеген ұлттық дәстүрлер жатады.

Еске сала кетсек, Қазақстан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетіне 2023 жылдың қарашасында қосылған болатын.