×

Қызылордада жаңа перинаталдық бөлім ашылды

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында өңірде жаңа нысандар көптеп бой көтеріп жатыр

 Динара Амантай 07.03.2024 | 13:57
Фото: Қызылорда обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Мереке қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылордадағы көпбейінді облыстық аурухана базасында 70 орындық перинаталдық бөлімнің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұл игілікті қадам арқылы сырбойылық аналардың денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарға жаңа серпін берілмек.

Бұған дейін Қызылордада босанған әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым – облыстық перинаталдық орталық қана болған. Жаңадан ашылған бөлім перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтып, түрлі сырқаты бар жас аналарға, жүкті әйелдерге көмек көрсетеді. Бөлімді ашуға, оны қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуге бюджеттен 1 млрд теңге қаржы жұмсалды. Бұл – өңірдегі қолға алынған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Әрине, мұның барлығы өңір халқының бекем бірлігі мен тату тірлігінің арқасында жасалып жатыр. Алдағы уақытта ел игілігі жолындағы мақсатты жұмыстарды өздеріңізбен бірге жүйелі түрде, үздіксіз жүргізе береміз. Бүгін іске қосылатын МРТ аппараты және 70 орындық перинаталдық бөлім халық денсаулығын жақсартып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түседі деп сенеміз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Іс-шарада Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда облысының құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов әріптестерін құттықтап, ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ жаңа МРТ аппаратын іске қосуға және перинаталдық бөлімнің ашылуына үлес қосқан медицина қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетсек, бүгінде Сыр өңірінде тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру мақсатында жаңа нысандар көптеп бой көтеріп жатыр.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен өңірде жалпы құны 11 млрд теңге болатын 27 нысан салу көзделген. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталып, қазір 30 мыңнан астам ауыл халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп жатыр. Қалған 11 нысан, 1 ауылдық аурухана (Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылында) және Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық көпбейінді ауруханалары жанынан қосымша құрылыстар биыл салынып, ел игілігіне беріледі.

Қызылордада 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд 900 млн теңге болатын «Қан орталығы» Медицина қызметкерлері күні қарсаңында пайдалануға беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама