Сауд Арабиясы, Иран, Қырғызстан және Өзбекстан елшілері «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін қолдауға дайын екенін айтты
«JORYQ» республикалық ат спорты федерациясының басшысы Бақытжан Тұрлыбековтың Қазақстандағы шет ел мемлекеттерінің төтенше және өкілетті елшілерімен кездесу барысында командалардың «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысу мәселесін талқылау одан әрі жалғасуда.
Атап айтқанда, Бақытжан Тұрлыбеков Сауд Арабиясының төтенше және өкілетті елшісі Файсал ӘЛ-ҚАХТАНИ-мен, Иранның төтенше және өкілетті елшісі Али Акбар Джоукармен, Қырғызстанның төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеевпен, сондай-ақ Өзбекстанның төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен жеке кездесу өткізді.
Кездесулер барысында «Ұлы дала жорығы» жобасы туралы сөз қозғалып, 2024 жылы Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен алғаш рет халықаралық деңгейде өтетін марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері кеңінен әңгіме болды. Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрлігі халықаралық дипломатиялық өкілдіктер мен ұйымдармен байланыс орнатуда ерекше қолдау көрсетуде.
«JORYQ» республикалық ат спорты федерациясының басшысы Бақытжан Тұрлыбеков дипломаттарды өз елдеріндегі ат спорты Федерацияларымен тығыз қарым-қатынас орнатуға және «Ұлы дала жорығына» қатысатын командаларды жасақтауға көмектесуге шақырды.
Биыл қазақтың Адай және Қостанай жылқы тұқымдары әлемге әйгілі араб тұлпарларымен, иранның «Сағидар» жылқысымен, «қырғыз» тұқымымен, өзбектің «Қарабайыр» жылқысымен, түрікменнің Ақылтекесімен, моңғол жылқысымен және әлемге әйгілі тағы басқа жылқы тұқымдарымен күші мен төзімділігін сынау мүмкіндігіне ие болмақ.
Өз кезегінде Сауд Арабиясы, Иран, Қырғызстан және Өзбекстан елшілері «JORYQ» ат спорты федерациясының барлық бастамаларын қолдауға дайын екендігін білдірді.
«JORYQ» республикалық ат спорты федерациясы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Одан бөлек, Қауымдастық құрамында Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Тоғызқұмалақ сияқты федерациялар бар.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.
Бұған дейін «JORYQ» ат спорты федерациясы мен Ұлттық спорт қауымдастығы кең ауқымды «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйге жобасын екі рет жүзеге асырды. 2023 жылы бұл жарысқа қатысушылар Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырымды бағындырды. 2024 жылы мерейтойлық V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Ұлы дала жорығы» марафоны өтеді.