Шымкентте халықты 100 млн теңгеге алдаған алаяқтар ұсталды

Дастан Жұмабекұлы

Алты адамға қылмыстық іс қозғалды

фото: 24.kz

Шымкентте қала тұрғындарын 100 млн теңгеге алдаған алаяқтар ұсталды.

Polisia.kz порталының хабарлауынша, Шымкентте бір топ азамат бір-бірімен алдын-ала келісіп алып, тұрғындарға мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз грант ақша, төмен пайызбен несие алып береміз деп алдап, алаяқтық жолмен ақшаларын алып отырған.

Нақтырақ айтсақ, осы азаматтарға алданған 30 шақты адам Шымкент қаласы полиция департаментіне арыз жазған. Олар алаяқтарға 100 мың теңге мен 750 мың теңге аралығында ақы бергенін айтқан. Сөйтіп, жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 100 млн теңгеге жеткен.

Шағымдардың бәрі бір-біріне ұқсас болған соң, тәртіп сақшылары жан-жақты жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Жедел-тергеу тобы куәлерден жауап алып, сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, алаяқтардың жүруі мүмкін жерлер жіті қаралады. Соның нәтижесінде, алаяқтықты кәсіп еткен алты адамнан құрылған топ анықталды. Оларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды.

Қазір төрт азамат ұсталып, оларға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған. Ал бір азамат Нұр-Сұлтан қаласының сотымен үш жыл алты айға сотты болып, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуде. Тағы бір айып тағылған күдікті Әл-Фараби аудандық сотынан бой тасалауына байланысты мемлекетаралық іздеуге жарияланған.

Полицейлер алаяқтардың арбауына түскен азаматтардың саны бұдан көп болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығармайды.