×

Полиция зейнеткерлерге үндеу жасады

Зейнетақы мәселесін зерделеумен арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр

 Динара Амантай 07.03.2024 | 09:06
Фото: polisia.kz

Полиция ведомствосында ішкі істер органдары зейнеткерлеріне үндеу жасалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде базалық зейнетақы тағайындауды қайта бастау, 1998 жылдан кейін қызметке қабылданған және 2016 жылға дейін қызметтен босатылған зейнеткерлердің зейнетақысын индекстеу, зейнетақы жинағын алу сияқты маңызды әлеуметтік мәселелер бар. Бұл мәселелерді толық зерделеумен арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр. Оған Ішкі істер министрлігінің өкілдері де кіреді. Бұл мәселелер бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, жоспарлы және тұрақты негізде шешіліп жатыр. Мәселен, былтыр шілдеден бастап барлық зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсарту және ем алу үшін шешіп алуға мүмкіндік берілді. Зейнеткерлердің негізгі бөлігі осы құқығын пайдаланып үлгерді.

Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1998 жылдан кейін қызметке қабылданған және 2016 жылға дейін қызметтен босатылған зейнеткерлердің зейнетақысын индекстеудің құқықтық мәселесін пысықтап жатыр. Бұл заң жобасын биыл 26 ақпанда Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдады. Сіздер көтеріп отырған базалық зейнетақы мәселесі де шешіліп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылға дейін және одан кейін қызметтен босатылған зейнеткерлердің зейнетақысындағы дисбалансты жою үшін түрлі тәсілдерді қарастырып жатыр.

Ішкі істер министрлігі өз тарапынан барлық қажетті есептерді ұсынып отыр. ІІМ өзінің зейнеткерлеріне құрметпен қарайтынын және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға белсенді қатысатынын атап өту қажет», – деді ІІМ қаржымен қамтамасыз ету департаментінің бастығы Рүстем Тұрсынбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама