2 млн-ға жуық қазақстандық берешегін әрең төлеп жүр
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне несие беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Заң жобасын депутат Үнзила Шапақ таныстырды. Оның айтуынша, биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша 8,5 миллион қазақстандық қаржы ұйымдарына 19 трлн теңге қарыз. Мұның ішінде 8,2 миллион адамның кепілсіз тұтынушылық несиесі бойынша берешегі – 10 трлн теңге. 1,6 млн адамның 1,7 трлн теңгеге проблемалық несиесі бар. Олар қарызын төлеу мерзімін 90 күннен кешіктірген.
Біріншіден, заң жобасында проблемалық несиесі бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін берешек бойынша төлем мерзімін кешіктіруі 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық несиелер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі. Бұдан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық қарыздар бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады, - деді Үнзила Шапақ.
Депутат коллекторлық агенттіктерге қарыз қандай жағдайда сатылатынына да тоқталды.
«Қарыз алушылардың мерзімі өткен берешекті реттеу құқығын қорғау үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың несиесін төлеу мерзімі өткен кезден бастап, 24 айдан соң және кредитор берешекті реттеу рәсімдерін жүргізгеннен кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылады. Бүгінде коллекторлық агенттіктер едәуір көлемде жеке тұлғалардың қарыздарын сатып алып, олар бойынша қарыздың барлық сомасын қайта құрылымдаусыз өндіріп алып жатыр. Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша 890 мың қазақстандықтың 382 млрд теңге болатын қарызы коллекторлық агенттіктерге берілген. Осыған байланысты жеке тұлғалардан сатып алынған несиелері бойынша берешекті реттеу рәсімін жүргізу бойынша коллекторлардың тікелей міндетін енгізу ұсынылады», - деді ол.
Үнзила Шапақ заңға «тұтынушылық несие» ұғымы енгізілетінін атап өтті.
Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық несиелері бойынша берешектің орташа деңгейі – шамамен 1,5 млн теңге. Бұл ретте мұндай несиелер бойынша берешектің ең жоғары мөлшері заңнамада белгіленбеген. Қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу үшін заңнамалық тұрғыда «тұтынушылық несие» деген ұғым енгізіледі. Бұл оның ең жоғары мәнін (банктер үшін – 5 млн теңге, микроқаржылық ұйымдар үшін – 2 млн теңге) нормативті деңгейде шектеуге мүмкіндік береді. Қосымша шектеу шарасы ретінде жаңа макропруденциялық норматив – азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарының несиелері бойынша жиынтық берешегінің қарыз алушының табысына қатысы енгізіледі, - деді депутат.
Сондай-ақ заңда берешегі бар отбасылардың құқығын қорғайтын норма енгізілген.
Қарыз алушылардың мүддесін қорғаудың қосымша шарасы ретінде атқарушылық іс жүргізу шеңберінде кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу енгізіледі, - деді Үнзила Шапақ.
Сонымен қатар қазақстандықтар қарыз алудан өз еркімен бас тарта алады. Сөйткен жағдайда оның атына несие рәсімделсе, ол қарызды банк есептен шығаруға міндетті.
Қаржылық алаяқтықпен байланысты қылмыс санының өсуі байқалады. Өткен жылы келтірілген зиян көлемі – 5,8 млрд теңге. Азаматтарды алаяқтардан қорғауды күшейту үшін заң жобасында олардың несие алудан ерікті түрде бас тартуын белгілеу құқығы енгізіледі. Мұндай бас тарту болған жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғаға несие беруіне тыйым салынады. Сонымен қатар кредиторлардың қарыз алудан ерікті түрде бас тарту кезеңінде рәсімделген азаматтардың несиесі есептен шығарылады, - деді депутат.
Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.